Мәжілісте «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы өтуде
Еуропарламент делегациясының қатысуымен өтіп жатқан жиынға қазақстандық тарап төрағалық етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынды ашып сөз сөйлеген Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров парламенттік ынтымақтастық тобының 2008 жылғы соңғы өткізілген отырысынан кейінгі өзгерістерге кеңінен тоқталып өтті. «Содан бері Қазақстан мен ЕО-тың ішкі дамуында да, халықаралық аренада да, сондай-ақ Астана мен Брюссель арасындағы байланыстарда да елеулі өзгерістер орын алды. Өткен жылдар ішінде Қазақстанның ауқымды жобасы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы және ЕО-тың Орталық Азиядағы Стратегиясы жарияланып, бұл бағыттағы шаралар жүзеге аса бастады. Сонымен бірге, Еуропалық Одақ жаңа 21-ші онжылдықты Лиссабон келісімінің күшіне енуімен бірге қарсы алып отыр. Бұған сәйкес, ЕО-қа қатысушы 27 мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында сапалы өзгерістер күтіледі. Осыған орай, біз алдағы уақытта еуропалық парламенттің, оның функцияларының айтарлықтай кеңейетінін, ал еуропалық депутаттардың халықаралық аренада саяси салмағы арта түсетінін түсінеміз», деді В. Бобров.
Екі күнге жалғасатын жиын барысында тараптар энергетикалық диалогты арттыру, қоршаған ортаны қорғау, Қазақстан мен ЕО арасында жаңа келісімдер жасау, Еуропалық одақ реформасы, жаңа қауіптермен күрес секілді маңызды мәселелерді талқыға салады. Сонымен қатар, отырыста Орталық Азиядағы орын алып отырған жағдайларға, оның ішінде ЕҚЫҰ, НАТО, ШЫҰ, АӨСІШК секілді өңірлік және халықаралық ұйымдардың аймақтағы рөліне шолулар жасалады.
«Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысының нәтижесінде қорытынды құжат қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ жиын барысында ынтымақтастық комитетінің келесі 10-шы отырысын өткізуге қатысты мәселелер де қаралады.