Мәжілісте қиын өмір жағдайындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесі талқыланды

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Мәжілісте қиын өмір жағдайындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесі талқыланды

Онда депутаттар «Қиын өмір жағдайындағы балалар мен жастар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесін өзгерту үшін жағдайлар жасау» мәселесін талқылады. Аталған проблеманы парламенттік деңгейге «Намыс» қоғамдық бірлестігі көтерген болатын.

«Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Иманәлиевтің айтуынша, қиын өмір жағдайындағы балалар мен жастар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесі осыдан бес жыл бұрын қабылданған заңнама аясында реттеледі.

«Бұл заң жобасында тағдыры қиын балаларға ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтер, олардың санаттары, ұғымдарын нақтылау секілді мәселелер қамтылды. Дегенмен, осы бес жыл ішінде заңнамаға түзету енгізетін уақыт жетті. Өйткені, заңнамада арнаулы көмектерге қатысты құзыреті айқындалған бірегей орган нақты айқындалмаған. Осының салдарынан ведомстволар арасында бірқатар келіспеушіліктер де туындап жатады», - дейді Қ. Иманәлиев. Оның айтуынша, бес жыл бұрын қабылданған стандарттар да өз өзектілігін жоғалта бастаған. Сондықтан да, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары жаңа заңнаманың қажеттігін алға тартады.

«Ендігі бір өзектісі, қиын өмір жағдайына қалған балалар үшін арнаулы әлеуметтік көмектер ұсынуға қатысты арнайы органдар мен жеке бизнесті ұйымдастыру мәселелері. Егер мұқият қарастырсақ, 14 облысты құрайтын Қазақстан үшін 30-40 үкіметтік емес ұйым дегеніңіз түкке тұрмайды. Яғни, біздің елімізде арнаулы көмектер ұсыну бойынша басқа дамыған елдердегідей тәжірибелер жүзеге аспай отыр. Әлбетте Қазақстанның мүмкіндігі зор, бірақ оны тиісті дәрежеде қолға алмай отырмыз», - дейді Қ. Иманәлиев.

Соған орай қоғамдық бірлестік өкілдері бірқатар ұсыныстарды алға тартады. «Ең алдымен, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын органды нақты айқындап, құзыретін бекіту. Екіншіден, ведомствоаралық өзара іс-қимылдарды нақтылап, стандарттарды қайта қарастыру керек», - дейді бірлестік төрағасы.