Мәжілісте мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектейтін заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметіне қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Мәжілісте мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектейтін заң жобасы таныстырылды

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Үкіметке жеке компаниялардың капиталында мемлекеттің ықтимал қатысуы шарттарының, рәсімдерінің нақты тізбесін көздей отырып, «Yellow Pages Rule» қағидаттарын бекітетін заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қатысуымен тиісті заң жобасын әзірлеген.

«Yellow Pages Rule» («Сары парақтар қағидалары») қағидаттары өз атауын бір ғасырдан астам уақытта дәстүрлі түрде сары қағазда басылатын, кәсіпорындар мен ұйымдар туралы мәліметтері бар анықтаманың түсіне қарай иеленген. «Үш сары парақ» қағидасын алғашқы рет АҚШ-тың Индианаполис қаласының мэрі енгізген болатын. Егер мемлекет телефон анықтамасында бар үш жеке компания жүзеге асыратын қызметті көрсетуді көздесе, онда бұл жағдайда атқарушы биліктің осы қызметті көрсетуі жөнсіз деп саналды», - дейді Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта, елімізде квазимемлекеттік секторда 6963 ұйым қызмет етеді. Бұлар: оперативтік, шаруашылық басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, сондай-ақ ұлттық холдингтер және компаниялар.

Республикалық меншікте 398 мемлекеттік кәсіпорын бар, коммуналдық меншікте - мемлекет қатысатын 6023 ұйым бар. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар активтерінің құрылымында 542 ұйым қызмет етіп келеді.

«Халықаралық тәжірибені зерделеу барысында кәсіпкерлікке араласпау, теңдік, мемлекеттік компаниялардың еншілес құрылымдарын құруды, мемлекеттік органның рөлін күшейтуді, саяси транспаренттік және ашықтықты, ықпал етуді реттейтін сайлау әділдігі қағидаттары мен бақылау қағидаты талданды. Соның ішінде мемлекеттік компаниялардың еншілес құрылымдарын құруды шектеу, экономиканың бизнес қатысатын салаларында мемлекеттің қатыспауын қамтамасыз ету, монополияға қарсы органның рөлін күшейту шараларына басымдық беру көзделеді», - дейді вице-министр.