Мәжілісте заң жобалау қызметін жетілдіру шаралары талқыланды
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Жиын барысында заң жобалау қызметін жетілдіру шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң шығармашылығы үдерісінде жобаны әзірлеушілерге қатысты сындар көптеп айтылады. Шындығында 2005 жылдан бері қарай, заң шығармашылығына қатысты барлық ұсыныстық әдістемелер даярланған болатын. Ендігі күні осы салаға тартылған мамандар бірлесе отырып заң жобалау жұмыстарының сапалық өлшемдерін анықтауымыз қажет. Жалпы, заң шығармашылығы үдерісін ең алдымен шығармашылық үдеріс тұрғысынан қарастыруымыз керек. Сондықтан да бұл үдеріске қатысушылардың әрбірінің өз көзқарасы, өз пікірі болады. Осыған орай заң жобасы сапасының бірегей өлшемі ретінде ымыралы келісімді атауымыз керек. Сонымен бір мезгілде жобаланып отырған заңдардың қоғам өмірі үшін жасалатынын естен шығармау қажет», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Әділет министрі Зағипа Бәлиева.
Министрдің айтуына қарағанда, 2005 жылдан бері Әділет министрлігінде заң жобалау жұмыстарына қатысты ведомствоаралық комиссия қызмет етеді. Аталған комиссия қазіргі таңда ауқымын кеңейтіп, төрт бағытты қамтып отыр.
Жиын барысында бірқатар ұсыныстар қабылданды.