13:55, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Мәжілісте «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасының тұсауы кесілді
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тұсаукесер рәсімінде құжаттың мақсат-міндеттері жөнінде хабарлаған Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш заң жобасы ішкі өнімнің энергия сиымдылығын және энергетиканың қоршаған ортаға әсері мен парниктік газдардың қалдықтарын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар ол жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын нысандарды салу және пайдалану үшін қолайлы жағдай жасауды қарастырады. Бұған қоса құжат парниктік газ қалдықтарын төмендету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға қолдау көрсетеді. «Заң жобасы жергілікті атқарушы орган өкілдері бекіткен штат санының негізінде жүзеге асырылады. Және ол еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отын энергиясын үнемдеп, халықтың денсаулығын сақтау мен қоршаған ортаны қорғау салаларын қорғауға ықпал етеді», - деді министр. Отырыс барысында жиынға қатысушылар заң жобасының жекелеген баптары бойынша өзара пікір алмасты.