16:49, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Мәжілісте жұмыспен қамтудың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы халықты жұмыспен қамтудың өзекті мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосудың негізгі мақсаты «Нұр Отан» ХДП тұғырнамасын жүзеге асыру шеңберінде жұртшылықты жұмыспен қамту жағдайын зерттеп, аталған өзекті мәселе бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады. «Ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанда да халықты еңбекпен қамту мәселесі күн тәртібіндегі ең өзекті шараға айналып отыр. Жұмыссыздар санының өсуін болдырмау, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табу ? мемлекет үшін ағымдағы жылы атқарылатын басты шаралардың бірі болып табылады. Үкімет, облыс әкімдіктері мен жұмыс берушілер тарапынан осы мәселе төңірегінде нақты қадамдар жасалуда. Ағымдағы жылы 6 мыңға жуық жобалар іске қосылып, осының есебінен 350 мыңға жуық азаматтар еңбекпен қамтылады деп жоспарлануда. Ірі кәсіпорындармен жұртшылықтың жұмысын сақтап қалу жөніндегі меморандумдарға қол қойылып жатыр. Қажет болған жағдайда ғана толық емес жұмыс күнін енгізу, жұмысшыларды уақытша басқа кәсіппен қамту, кәсіпорын жұмысы тоқтаған жағдайда еңбекақысының 50 пайызынан кем болмайтындай өтемақы төлеу шаралары қарастырылып келеді. Ұлттық еңбек нарығын қорғауға қатысты қосымша шаралар да атқарылуда», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген «НҰР Отан» ХДП жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы, депутат Айткүл Самақова.
Басқосу қорытындысы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен жұмысшылар топтарын қорғауды қамтамасыз етуге және олардың еңбек нарығынан ығыстырылуына жол бермеуге бағытталған бірқатар ұсынымдар қабылданды. Жиынға депутаттар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Халықаралық еңбек ұйымының, Кәсіпкерлер қауымдастығының және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.