Мәжілістің салалық комитеті Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырысын өткізеді
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - 17-19 қараша күндері Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырысын өткізеді.
Бір топ парламентшілерді аталған комитеттің төрағасы Ерлан Нығматулин бастап барады.
Басқосудың тақырыбы - өңірдегі табиғат пайдаланушылардың экологиялық іс-шараларды және табиғатты қорғау бағдарламаларын орындауын зерделеу.
Алдын ала жасалған бағдарламаға сәйкес комитет мүшелері 18 қарашада өңірдегі ірі табиғат пайдаланушылардың қызметімен танысады, Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) және «Қазцинк» АҚ нысандарында болады. Сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарын аралап көру және Титан-магнит комбинатында (ТМК) болатыны жоспарланған.
18 қараша күні комитеттің көшпелі отырысын өткізу қарастырылған. Ол басқосуға қоршаған ортаны қорғау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер министрліктерінің жауапты адамдары қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ отырысқа Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және табиғатты пайдалану комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік бақылау, төтенше жағдайлар және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі агенттіктің, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар республикалық ассоциациясының өкілдері шақырылған.