Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі айқындалды

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/- Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен осы Палата Бюросының отырысы өтті.
None
None
Онда салалық комитеттердің ұсыныстары бойынша жалпы отырыста депутаттардың талқысына шығарылатын заң жобалары негізінде күн тәртібі айқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Палатаның жалпы отырысында әскери қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері, фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобалары екінші оқылымда талқыға салынатын болды. Күн тәртібіне «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізу жөніндегі және азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау үшін заңдарға толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобалары бойынша салалық комитеттердің қорытынды әзірлеу мерзімін анықтау мәселесі енгізілген. Бірқатар заң жобаларымен жұмысты жалғастыру мәселесі қарастырылды. Атап айтқанда, кейбір заңдарға астық нарығын реттеу және агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген бағыттарын мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша, азық-түлік қауіпсіздігі, сонымен бірге кеден ісіне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін, инвестициялар және экспорт мәселелерін қамтитын заң жобалары әлі де Палатаның салалық комитеттерінде, жұмыс топтарында жан-жақты пысықтаудан өтетін болады. Бюро отырысында «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңға қарастырылған өзгерістерге Сенат енгізген толықтырулар да қаралды. Сол секілді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос Палата арасында келісім комиссиясының ұсыныстары сөз болды.
Соңғы жаңалықтар