Мәжіліс аң аулау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қатаңдатпақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар топырақты қорғау, жол қауіпсіздігін цифрландыру, аңшылық саласын реттеу, жануарлар дүниесін сақтау мәселелеріне қатысты заң жобаларын талқыға салады.

в
Коллаж: Kazinform

Сонымен, депутаттар алдымен бірінші оқылымда «Топырақты қорғау туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді қарайды. Құжатты топырақты тиімді басқару және қорғау, оның құнарлылығын сақтау және арттыру, сондай-ақ жердің тозуын болдырмау үшін құқықтық негіз құру мақсатымен депутаттар әзірледі. Заң жобасы топырақты регенерациялау тетігіне көшу шарттарын көздейді, оны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қорғау ерекшеліктерін регламенттейді. Бұдан бөлек, топырақты су басудан, батпақтанудан, қайта тұзданудан, сарқылудан, құрғаудан және тығыздалудан қорғау, сондай-ақ тозған топырақты қалпына келтіру және басқа да нормалар жөніндегі талаптар белгіленеді.

тыңайтқыш
Фото: freepik.com

Сондай-ақ бірінші оқылымда Мәжіліс жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулерді қарайды. Заң жобасы автожолдарда және мемлекеттік органдардың, жедел медициналық жәрдем қызметтерінің, тұрақты түрде жолаушы мен багаж тасымалдайтын тасымалдаушылардың көлік құралдарында орнатылатын техникалық құралдарды пайдалана отырып, ереженің бұзылуын анықтауға, тіркеуге, қауіпсіз жол қозғалысын бақылауды күшейтуге бағытталған. Құжат жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізеді, олардың жұмысына рұқсат беру тәртібін белгілейді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін оқу ұйымдарының тізілімін құру ұсынылады. Бұл ақпараттық жүйе арқылы материалдық базаның болуын, оқытушылардың біліктілігін және оқу топтарын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, медициналық теріс негіздемелері бар жүргізушілердің көлікті басқаруына жол бермеу үшін медициналық деректерді Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған базасына интеграциялау көзделіп отыр.

Өнеркәсіптегі жасанды интеллект: БҚО-да цифрландыру мүмкіндіктері таныстырылды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Күн тәртібінің жобасында аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда қарау да бар. Негізгі заң және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген ілеспе заң жобасын депутаттар саланы дамыту және биоалуандықты сақтау мақсатымен әзірледі. Атап айтқанда, құжаттың нормалары мемлекеттік табиғи қорықтарда жануарлар өсімін молайтуды дамытуға, аң аулау талаптарын қатаңдатуға және аңшылық мерзімдерін нақтылауға, сондай-ақ биологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жануарлар санын реттеуге бағытталған. Ілеспе заң жобасының ережелерінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын қатаңдату, сондай-ақ жабайы жануарлар мен өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз сатып алуды, өткізуді, тасымалдауды және сақтауды жарнамалағаны үшін, соның ішінде БАҚ-та және интернетте көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Сонымен қатар белгіленген тәртіпті бұза отырып таңбаланған не таңбаланбаған ақбөкендердің дериваттарын (мүйіздерін) сақтау мен сатуға қатысты жауапкершілік енгізіледі.

Сонымен қатар Мәжіліс 2025 жылғы 16 маусымда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді де қарайды.

Мұнан бөлек, Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтынуға қатысты заңнамалық өзгерістерді екінші оқылымда талқылайды. Заң жобасы газды ұқыпты тұтынуға ынталандыруға, цифрландыруға және оны ішкі нарықта есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжатта жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу, тариф белгілеу әдістерін өзгерту, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауын күшейту қарастырылған. Тиісті өзгерістер «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі.

газ
Фото: Астана әкімдігі

Елімізде газ тұтыну көлемінің артып келе жатқанын және газ өңдеу зауыттарының әлеуетін еселеу қажет екенін ескере отырып, геологиялық барлау мен құрылыс жұмыстарын жандандыруға баса назар аударылған. Газ инфрақұрылымын кеңейтуге, соның ішінде Астана қаласы мен агломерациясын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы жалпы отырыста депутаттар атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметі туралы заң екінші оқылымда қабылданды.

Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашы болды. Заң жобасын Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Дмитрий Колода таныстырды.

— 2024 жылы жеке сот орындаушыларының қатысуын жоятын, сондай-ақ азаматтарды олардың қызметіне ақы төлеуден босатуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізуді қарастыратын тиімді норманы енгіздік. Әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу 20 АЕК-ке дейін жүргізілді. Оң тәжірибе бар. Мысалы, 2025 жылы түскен 1,4 млн құжаттың шамамен 500 мыңы борышкерлер тарапынан ерікті түрде орындалған. Азаматтар үшін ықтимал үнем 2,4 млрд теңгені құрады, — деді заң Дмитрий Колода.

Сонымен қатар депутат заң жобасында қандай нормалар қарастырылып отырғанына жан-жақты тоқталды.

Білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген заң жобасын талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда бірқатар шетелдік университеттің филиалдары ашылғанын еске салды. 

Асхат Аймағамбетов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

— 2022 жылы жаңа министрлік құрылғаннан кейін бұл жұмыс жақсы жалғасты. Қазір елімізде осындай филиалдар өте көп, бірақ олардың қызметі заң жүзінде толыққанды реттелмеген. Енді нақты талаптар енгізіледі. Филиалдар тек бас университеттің ресми шешімі болған жағдайда ғана ашылуы мүмкін. Бұл жергілікті серіктестердің бастамасы емес, бас ұйымның шешімі болуы керек дегенді білдіреді. Екіншіден, филиалдың беретін дипломы сол бас университеттің дипломымен тең болуы керек. Ұқсас емес, дәл сондай мәртебеде, — деді ол.

Мұнан бөлек, депутат педагогикалық мамандықтарға түсудегі айналма жолдарға тосқауыл қойылатынын айтты.

— Кейбірі айналма жол тауып алған. Схема өте оңай. Талапкер кез келген шетелдік оқу орнына түсіп, бір семестр оқып, одан кейін Қазақстандағы педагогикалық университетке ауысады. Ал оған қойылатын талаптар талапкерге емес, ауысушы студентке қойылатын талаптармен бірдей болады. Бұл тұрғыда ҰБТ мен арнайы емтихан керек болмай қалады. Осылайша, кейбір адамдар базалық талаптарға сай келмесе де, мұғалімдікке келіп жатыр. Енді бұған жол бермейміз. Осыдан кейін педагог мамандығына шетелдік университеттен ауысқан кезде де ҰБТ мен арнайы емтихан сертификаты міндетті болады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Мұнан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды және оған ілеспе құжатты екінші оқылымда қабылдады.

Депутат Олжас Құспековтың айтуынша, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру бөлігінде құқықтық олқылықтарды жоюға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді.

Атап айтқанда:

- Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары резервінің мақсаты нақтыланды, яғни оны қолдану шарттары айқындалды;

- объективті шешім қабылдау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысу бөлігінде уәкілетті басшының құқықтары регламенттелді;

- әскери және арнаулы оқу орындарына түсу кезінде бұрынғы атағын сақтайтын адамдар санаты кеңейтілді;

- басшылардың әкімшілік актілері нақтыланды;

- әлеуметтік сипаттағы бірқатар түзету қаралды;

- қайталанатын нормалар алынып тасталды.

— Ілеспе заң жобасында экстремистік және террористік материалдарды дайындағаны, сақтағаны, әкелгені, тасымалдағаны және таратқаны үшін бұрыннан белгіленген жауаптылықтан бөлек, оларды басып шығарғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін түзету ұсынылды. Аталған норма құқықтың материалдық нормалары бұрыннан көзделген Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарымен сәйкестендіруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен үйлестіруге бағытталған. Сонымен қатар, салық заңнамасында белгіленген жағдайларда бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарды әкімшілік жазаны орындаудан босатуды көздейтін түзету ұсынылды, — деді Олжас Құспеков.