Мәжіліс АӨСШК тиімділігін жақсартуға арналған құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2007 жылдағы Қазақстан Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстанның аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Бұл хаттамға 2024 жылғы 15 қарашада Астана қаласында қол қойылды.
— Қазақстан Республикасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің негізін қалаушы мемлекет ретінде ұйымның жалпы қызметінің, оның ішінде атқарушы органы — Хатшылығы жұмысының тиімділігін үнемі жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Осы заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азия кеңесінің толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау туралы берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Хаттамаға енгізілген өзгерістер БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сәйкес, Хатышылыққа жұмысқа жіберілетін немесе келісімшарт негізінде қызмет атқаратын персонал мүшелерінің халықаралық мәртебесін нығайтуды көздейді, — деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.
Оның айтуынша, жалпы, Азия кеңесі Хатшылығының Қазақстанда болуы шарттары туралы келісімге 32 өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, олардың 13-і Хатшылық персоналына халықаралық азаматтық қызметші функцияларын беруге қатысты, ал қалған 19-ы редакциялық түзету саналады.
— Қазіргі геосаяси турбенттілік жағдайында Азия кеңесі өзін географиялық ауқымы мен тетіктерінің негізінде бұрынғыдан да жоғары сұранысқа ие болып отыр. Осыған орай қабылдататын заң қызметкерлердің еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға жақындатып, кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға оң әсер береді және хатшылық қызметінің әлеуетін одан әрі арттырады, — деді министрінің бірінші орынбасары.
Бұған дейін АӨСШК-ге мүше елдер қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін жазған едік.