Парламент бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделін қолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті.
- Қаралып отырған заңға Парламент Сенаты тарапынан бірқатар нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, иесіз жануарлардың санын реттеу мәселелері, оның ішінде тәртібі мен мерзімдері жергілікті өкілді органдардың құзыретіне берілді. Мұнымен қоса, «иесіз жануарлар» ұғымы нақтыланды. Жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылды және өзге де түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгеріссіз сақталады, енгізілген түзетулер нақтылаушы сипатқа ие. Заңның тұжырымдамасы өзгермейді. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және оны Сенат қолдады, - деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың, үй жануарларына қатыгездікке жол бермеудің, сондай-ақ жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
- Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында жануарларды есепке алу мәселесін нақты регламенттеу қажет. Сенат ұсынған редакцияда қандай да бір құқықтық айқынсыздық бар. Сондықтан жануарларды есепке алу және чиптеу меншік құқығын растаудың негізгі әрі тиімді тетігі болуы тиіс деп санаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, егер жануар есепке алынбаса – оның иесін анықтау мүмкін емес, ал иесі анықталмаса – жауапкершілік те болмайды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулер әзірледі. Аталған түзетулер жануарлар иелерінің жауапкершілігін күшейтетін нормалармен бірге, бүгін бірінші оқылымда мақұлданған «аңшылық шаруашылығы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы» заң жобасы аясында қаралатын болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісуді ұсынады, - деді депутат.
Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары бүл түзетулермен келісті.
Еске салсақ, өткен апада Сенатт «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қарады. Сенаторлар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.