Мәжіліс депутаты: Қазақстан жасанды интеллектіні пайдалану арқылы барлық саланы дамыта алады

АСТАНА.KAZINFORM - Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қазіргі әлемдік бәсекеде Қазақстанның басты басымдығы IT технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту болуы тиіс екенін айтты.

Сабильянов
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly

– Қазіргі бірінші басымдық - IT технология саласы. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы әр саланы дамытуға болады деп ойлаймын. Бізде оған толық ресурс бар. Көптеген білімді жастарымыз бар, соларды қолдауымыз керек, - деді ол Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, экономиканы алға жылжыту үшін автомобиль, теміржол және порт инфрақұрылымын кеңейту қажет. Жол салу кезінде оптикалық-талшықты интернет желісін бірге тарту міндетті нормаға айналып отыр. Сонымен қатар байланыс сапасын жақсартатын заңдық өзгерістер қабылданған.

– Біз заңға өзгерістер енгізіп, бір телефон құрылғысында бірнеше SIM-карта қолдануға мүмкіндік жасадық. 3 мыңға жуық ауыл осындай жүйемен қамтамасыз етілмек. Қазір салынып жатқан Достық-Мойынты бағытына да талшықты желі тартылып жатыр, - деді Сабильянов.

Сабильянов
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly

Депутат Қазақстан жағдайында агроөнеркәсіп ең тиімді сала екенін айтты. Бірақ оған жаңа технология, қаржыландыру және өңдеу өнеркәсібі жеткіліксіз.

– Жеріміз де, жағдайымыз да ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Бірақ жүн мен тері өңдейтін өнеркәсіп жоқ, соған басымдық беруіміз керек. Ауылда кәсіппен айналысамын деген азаматтарға арзандатылған несие, кепілдік тетіктері қарастырылып жатыр. Президент тапсырмасымен шағын, орта және ірі бизнеске мемлекеттік кепілдік беру туралы заң қабылдадық. Ауыл шаруашылығы колледждерінің материалдық-техникалық базасын күшейтіп, жастарды жұмысқа дайындауымыз қажет, - деді ол.

Инвестиция тарту бойынша елде жаңа бақылау және қолдау жүйесі енгізіліп жатыр. Енді инвесторлар бірыңғай реестр арқылы жұмыс істейді.

– Президенттің инвесторларды қорғауға арналған жарлығы шықты. Оның басты мақсаты - Қазақстанға келетін инвестицияны бақылау ғана емес, оларға жеңілдік беру. Инвесторлар келісімшартқа электронды түрде қол қойып, қандай қаражат құятыны және қайда жұмыс істейтіні анық көрінеді. Облыстарға келетін инвестициялар да бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілуі тиіс, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бұл ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда айтқан. Ел Тәуелсіздігінің 40 жылдығына дейін орындалуы тиіс стратегиялық міндеттер аясында көтеріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар