Мәжіліс депутаты медициналық туризмді дамыту ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Медициналық туризм саласында бірыңғай оператор құру қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Нұргүл Тау айтты.

«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі
Фото: Қазақмыс

- Бүгінде елімізде бой көтеріп келе жатқан салалардың бірі – медициналық туризм. Бұл бағыт тек денсаулық сақтау жүйесін нығайтумен шектелмей, ел экономикасына қосымша кіріс әкелетін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықаралық имиджді қалыптастыратын жоғары әлеуетке ие экспорттық сала саналады. Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының ресми мәліметі бойынша еліміздегі медициналық туристтердің саны 2022 және 2024 жылдар аралығында 1 200 адамнан 80 мың адамға өсті. Бұл кездейсоқ жағдай емес, - деді ол.

Осы орайда депутат оған себепші болып отырған бірқатар факторды атады.

- Біріншіден, Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай жоғары деңгейдегі медициналық ұйымдарға ғана берілетін медициналық «Оскар» атанып кеткен JCI (Joint Commission International) аккредиттеуін алған 9 мекеме бар. Оның 7-уі Астанада, 2-уі Алматыда. Бұл біздің аймақтағы көш бастап тұрған қуантарлық нәтижеміз. Екіншіден, еліміздегі жоғары сапалы медициналық қызметтер басқа елдерге қарағанда әлде қайда қолжетімді. Мәселен, Астана әкімдігіне қарасты «Астананы дамыту орталығының» ақпаратына сәйкес, Қазақстанда жүрек шунттау хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан. Үшіншіден, елдегі медициналық ұйымдардың медициналық туристтерді тартуға экономикалық жағынан мүдделі болуы. Өйткені, барлық туристтік турлар ішінде бұл сала елдің нарығына мейілінше көп қаражат әкелетіні белгілі, - деді Нұргүл Тау.

Дегенмен, мәжілісмен бұл салада да жиналып қалған мәселелер аз еместігін айтады. 

- Атап айтқанда, елдегі медициналық ұйымдар мен туристтік операторлардың арасындағы өзара әрекеттестік жоқтың қасы. Мәселен, медициналық мекемелер туристтік-бизнеске бейімделмегендіктен туристтерге билеттерді сатып алу, тұрмыстық жағдайды ұйымдастыру сияқты қосымша қызметтерді сапалы түрде бере алмайды. Өйткені, бұл туристтік ұйымдардың құзырында. Сол себептен клиникалар мен медициналық туристерге сауатты қолдау көрсете алатын Медициналық туризм саласындағы Бірыңғай операторды құру қажет деп ойлаймын.

Оның құзыретіне диагностика және емдеу бойынша консалтинг, туристтердің санын тіркеу, туристтік өнімді ұсыну, тасымал және медициналық аудармашы қызметін кіргізуге болады, - деді депутат. 

Нұргүл Тау медициналық виза мәселесіне де тоқталды. Ол медициналық туризм деңгейін арттыру үшін медициналық туристтерге арналған арнайы цифрлық визаны қолға алу қажет деп санайды.

- Қорытындылай келе, медициналық туризмді дамыту арқылы елімізді Орталық Азиядағы жетекші медициналық хабқа айналдыруға толық мүмкіндік бар. Сізден аталған ұсыныстарды Үкімет деңгейінде қарастырып, «Медициналық туризмді дамыту» бойынша ұлттық бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма беруді сұраймыз, - деді депутат.

Бұған дейінҚазақстандағы 3-ші мегаполис медициналық туризмді мықтап қолға алғалы отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар