Мәжіліс депутаты теміржол көлігімен тасымалды тежейтін факторларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз теміржол тасымалы нарығында бәсекеге қабілетсіз болып тұр. Бұл туралы Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов айтты.

Қазақстанда теміржол көлігімен
Фото: Мәжіліс

- Біз теміржол тасымалы нарығында әлі де бәсекеге қабілетті бола алмай отырмыз. Теміржол көлігімен тасымалдау үлесінің өсуін тежейтін негізгі факторлар мыналар: жылдамдықтың төмендігі, тозу дәрежесінің жоғары болуы және ұйымдастыру проблемалары. Бүгінгі күні жылжымалы құрамды жаңарту қарқыны оның қызмет ету мерзімі мен техникалық жай-күйі бойынша пайдаланудан шығып қалу қарқынына ілесе алмай отыр. Мәселен, 2014-2023 жылдар кезеңінде 928 жаңа жолаушы вагоны келіп түссе, физикалық тұрғыдан тозу себебіне байланысты 969 вагон пайдаланудан шыққан. Әрине, мұның бәрі теміржол көлігін дамытудың негізгі көрсеткіштеріне әсер етеді, - деді ол.

Мәжіліс депутатының дерегінше, теміржол желілерінің – 54, локомотивтердің – 61, вагондардың 56 пайызға жоғары дәрежеде тозуы байқалады.

- Қанағаттанарлықсыз деп бағаланған жолдар ұзындығының үлесі жыл сайын артып келеді, - деді Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, депутат жүк көліктерінің салмағын өлшейтін станциялар санын көбейту қажет екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар