Мәжіліс депутаттары Ақсу қаласындағы өндіріс нысандарында болды
АСТАНА. KAZINFORM – «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі депутаттары Азат Перуашев пен Ерлан Барлыбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Ақсу қаласындағы ГРЭС пен ферросплав зауытына барды. Олар өндіріс орны мен жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта Ақсу ГРЭС-інде жетінші энергоблокты қайта құру жүргізілуде. Электр станциясы осы мақсатта жаңа турбина мен генераторлық қондырғы алған. Жаңғырту нәтижесінде блоктың қуаты 300 МВт-тан 325 МВт-қа дейін ұлғаймақ. Бұл жұмыстар қолданыстағы меншік иелерінің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Ақсу ГРЭС-інде келесі кезең ретінде соңғы, сегізінші энергоблокты жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін станцияның жалпы қуаты 2400-ден 2800 МВт-қа дейін өседі. Бұл өндіріс нысандарын электрмен қамтамасыз етуде қосымша мүмкіндіктер тудырып, өңірдегі өнеркәсіп көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Станция басшылығы депутаттармен кездесуде кадр дайындау мәселесін де көтерді. Қазір кәсіпорында жұмыс күші жасарып келеді. Қызметкерлердің орташа жасы 41 жаста. Орташа жалақы — 650 мың теңге. Бұл колледж түлектерін, әсіресе Ақсу мен жақын өңірлерден, жұмысқа тартуға мүмкіндік береді. Алайда, жоғары білікті инженерлік-техникалық мамандарға сұраныс әлі де жоғары. Ал оларды даярлау — жүйелі және уақытты қажет ететін процесс.

Ақсу ферросплав зауыты металлургиялық өндіріс үшін қажетті түрлі ферросплав түрлерін шығарады. Қазіргі таңда кәсіпорында алтыншы цехтағы пешті жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша өндіріс кезең-кезеңімен жабық типтегі, жоғары энергия тиімділігі бар және экологияға зияны аз пештерге толық көшпек.
— Қызметкерлердің айтуынша, қазіргі ашық пештердің орнына герметикалық (жабық) пештер орнатылса, еңбек жағдайы әлдеқайда жайлы болады. Жастар жұмысына риза. Мысалы, 6-цехта жұмыс істейтін балқытушы — жергілікті жігіт, ол Ақсу қара металлургия колледжін бітірген. 20 жасынан бері осы кәсіпорында еңбек етіп келеді, қазір 35 жаста. Ай сайын 900 мың теңге жалақы алады, — деді Азат Перуашев.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, «55+» бағдарламасының нәтижесінде тәжірибелі кадрлардың бір бөлігі зейнетке шыққан. Бұл бағдарлама зиянды және қауіпті өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен жұмысшыларға ертерек зейнетке шығуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты компания білікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөліп, оларды жоғары жалақымен ынталандыру арқылы ұжымда тұрақтылық сақтауға тырысып жатыр.
Айта кетелік депутат Түркістандағы «Сауран» клубының параспортшыларымен кездескен еді.