Мәжіліс пайдалы қазба кенішін барлауға өтініш беру тәртібін оңтайландыратын заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Құжатты Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шархан таныстырды.
Айтуынша, кен бар деп болжанған учаскені барлауға өтінім беру процесі қысқартылмақ. Қазір «бірінші өтінім» қағидаты бар болғанмен зерттеу ұқсатын беру үшін екі кезеңде жүзеге асады.
Бірінші кезеңде мемлекет зерттеуге жататын учаскелерді іріктейді. Екінші кезеңде іріктеп алынған учаскелерге өтінім берген компаниялардың ұсыныстары бағаланып, олардың дайындық деңгейі, тәжірибесі, қаржылық мүмкіндігі тексеріледі. Осыдан кейін ғана ең лайық деген компанияға лицензия беріледі. Ұсынылып отырға норма осы тәртіпті жойып, өтінішті Бірыңғай платформаға тікелей беретіндей мүмкіндік ұсынуға арналып отыр.
— Қазір пайдалы қатты қазбаларды барлау үшін жер қойнауына қол жеткізу механизмі «бірінші өтінім» қағидаты бойынша, Мемлекеттік жер қойнауы қоры басқармасының бағдарламасы арқылы блоктарды екі кезеңмен іріктеу арқылы жүзеге асырылады. Заң жобасында бұл екі кезеңділік алынып тасталып, өтінімдерді тікелей Бірыңғай платформа арқылы беру көзделіп отыр. Онда барлауға ашық аумақтар мен блоктар беруге тыйым салынған аумақтар — елді мекендер, ұлттық парктер, қорықтар, қорғаныс жерлері және т. б. — интерактивті картада бекітілген, — деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол заң жобасы қатты пайдалы қазбаны тәжірибе үшін өндіреміз деген сылтаумен жасырын игеруге тыйым салатынын айтты.
— Мұндай жағдайлар лицензияның дереу кері қайтарылуына әкеледі. Осы мақсатпен тау-кен массасын және топырақты 1000 текше метрден астам көлемде алу үшін қажеттілікті дәлелдеу керек болады., Жартылай өнеркәсіптік сынамаларды алу үшін де осындай талапты орындау керек, — деді Иран Шархан.
Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдады
Бұған дейін жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылармен 17 келісімшарт бұзылғанын жазған едік.