Мәжіліс радиациялық қауіпсіздікке қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды. 

Мәжіліс радиациялық қауіпсіздікке қатысты құжатты қабылдады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Атауына сәйкес аталған құжат уәкілетті органдардың радиациялық жай-күйі туралы, оның өзгерістері, сондай-ақ радиоактивті заттарды трансшекаралық тасымалдау қаупі немесе фактілері туындаған кезде ақпараттық ынтымақтастық іс-қимылдарын үйлестіруді көздейді. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта министрлікке қарасты «Қазгидромет» ұлттық қызметі еліміздің барлық өңірінде орналасқан селитебті аумақтарда бета-белсенділікті және гамма-сәулені өлшеу арқылы радиациялық фон деңгейіне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте, еліміздің географиялық орналасуын ескеріп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің аумағында радиациялық мониторинг деректерімен алмасудың бірыңғай тетігін енгізу — цифрлық заманның өзекті талабы. Сонымен қатар, халықаралық қоғамдастықта осы саладағы өзара іс-қимылдың ұқсас әдістері қолданылатынын айта кету керек, — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, ұсынылған келісім жобасына сәйкес, одақтас мемлекеттерге еліміздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана беріледі. Бұған қоса Келісімді іске асыру барысында нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы қажет етілмейді.

— Аталған құжатты ратификациялау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіпке шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Беларусь ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласында меморандумға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум