Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім ратификацияланды

Мәжіліс «Түркі инвестициялық қорын құру туралы» келісімді ратификациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

түркі инвестициялық қоры
Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

Заң жобасын депутаттарға таныстырған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейтіп, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу екенін атап өтті.

«Қор инвестициялық қызмет арқылы шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылымды құру, өнеркәсіп өндірісін, көлік пен ауыл шаруашылығын, туризм мен жасыл экономика сияқты түрлі саладағы даму жобаларын қолдау функцияларын атқарады.

Бұл аталған жобалар ең алдымен, жаңа жұмыс орындарын ашуға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін атап өту маңызды», - деді министр.

Атап өтуінше, қордың жарғылық капиталы 500 млн доллар көлемінде болмақ. Нақты айтсақ, номиналды құны 350 млн доллар көлеміндегі төленген акциялардан, қосымша тартылатын 150 млн долларлық акциялардан құралады. Оның ішінде әрбір мемлекеттің үлесіне 70 млн төленген акциялардан келеді.

«Қордың әрбір мүшесі бірдей дауыс беру құқығына ие. Қордың бірінші президенті болып Түркі мемлекеттері ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалды.

Қордың орналасқан жері, яғни штаб-пәтері ретінде түркі елдері көшбасшыларының келісуімен Ыстанбұл қаласы болып белгіленді», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар