Мәжіліс заңнама актілерін Конституция нормаларына сәйкес келтіруге қатысты құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Аталған заң кейбір заңнамалық актілерді Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
- Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Конституциялық Сот мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдарға қатысты қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер олардың кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне құқықтарын бұзатынын анықтады. Осыған байланысты заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мәселелерін реттейтін заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын лауазымды адамдардың тобы нақтыланады. Бұл шектеулер республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде басқару функцияларын жүзеге асыратын, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдарға қолданылмайды, -деді Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев.
Сонымен қатар, мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың коммерциялық ұйымдардың мүлкін сенімгерлік басқару шарты бойынша ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының 5 пайызынан аспайтын көлемде сенімгерлік басқаруға берудегі міндеттемесі алынып тасталады.
- Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге де осындай құқық беріледі. Сонымен бірге, заң жобасында Үкімет мүшелері үшін өз меншігіндегі тұрғын үйді жалға беру бойынша шектеулерді болдырмайтын нормалар көзделген. Бұдан басқа, бірқатар заңнамалық актіні Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіруді көздейтін Конституциялық Соттың шешімдерін іске асыруға бағытталған өзге де түзетулер енгізілген, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.