Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» негізгі заң мен екі ілеспе заңның жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Баяндамашы депутат Екатерина Смышляеваның сөзінше, негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады . Құжатта мынадай жаңшылдықтар бар:
- жасанды интеллект саласындағы реттеудің, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін бекітеді;
- мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындайды;
- Үкіметтің жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы құзыреті кеңейтіледі;
- жасанды интеллект саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады.
Ал ілеспе заңдардың бірі қолданыстағы заңнаманы осы Жасанды интеллект туралы негізгі заңмен сәйкестендіруге арналған.
Мұнда:
- жасанды интеллектті пайдалана отырып жасалған өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғауға;
- жасанды интеллект жүйелері пайдаланатын дербес деректерді қорғауға;
- ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеу мақсаттары үшін электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті айқындауға;
- жасанды интеллект жүйелерімен құрылған бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерінің таралу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жалған ақпараттың манипуляциясы мен таралуын болдырмауға бағытталған баптар бар.
Тағы бір ілеспе заң жобасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске жасанды интеллект мәселелері бойынша түзетулер мен өзгерістер енгізуді көздейді.
Бұл құжат бойынша жасанды интеллектпен айналысатын тұлғаларға әкімшілік жаза кесілетін екі жағдай көрсетілген.
Нақтырақ айтсақ:
- жасанды интеллект жүйесіне иелік етушілер пайдаланушыларды өзі ұсынатын генеративті жүйенің қызметінде адамды жаңылыстыруы мүмкін детальдер бар екенін жария түрде ескертпесе;
- жасанды интеллект жүйесінің иелері адамдардың денсаулығына немесе әл-ауқатына теріс әсер еткен жасанды интеллект жүйелерінің тәуекелдерін басқарусыз қалдырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұған дейін Қазақстанда қай салаға жасанды интеллект белсенді енгізіліп жатқанын жазған едік.