Мәжіліс жеке тұлғаның бір уақытта бірнеше банкте кредит ресімдеуіне шектеу енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң және оған ілеспе құжат екінші оқылымда қабылданды. 

кредит
Коллаж: Kazinform/ Canva

Заң жобасы банктер ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптарды кеңейтуге; банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуге, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруге; банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауға; исламдық банк қызметін кеңейтуге; банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруге; төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуға бағытталған нормаларды қамтиды.

Жұмыс тобы аясында депутаттар мыналарды:

— бір жеке тұлғаның бір уақытта бірнеше банкте кредит ресімдеуіне шектеу енгізуді;

— алғаш рет кредит алған кезде биометриялық сәйкестендіруді өту үшін қарыз алушының банкке жеке өзінің келуін;

— клиенттің келісімі болған және шығару кезінде міндетті биометриядан өткен кезде ғана банктердің электрондық цифрлық қолтаңба жасауы мен шығаруына жол беруді;

— жүйелік маңызы бар банкке қойылатын талаптарды күшейтуді және оның мемлекетке келтірілген шығындарды өтеуге қатысуын;

— қаржы технологияларын дамыту шеңберінде банктер мен олардың еншілес ұйымдарының инвестициялық қызметін кеңейтуді;

— азаматтарды алаяқтықтан қорғау және кредиттік скорингтің сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалануды;

— Қаржы омбудсманының проблемалық берешекті реттеу кезінде тек қана жеке тұлғалардың дауларын шешу функцияларын бекітуді;

— қарыз алушының Қаржы омбудсманының ұжымдық реттеудің ақпараттық платформасы арқылы берешекті ұжымдық реттеуге жүгіну мүмкіндігін бекітуді көздейтін түзетулерді енгізді.

— Мемлекеттік цифрлық активтерді басқару тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық стратегиялық крипторезерв құру көзделген. Бұл тетік мемлекетке цифрлық активтерді қауіпсіз есептеу және сақтауға, сонымен қатар мемлекеттік ресурс кірістілігін арттырады. Бірыңғай QR код пен банкаралық мобильді төлемдер жүйесін енгізу жөніндегі норма заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Бұл банктер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттырып, ыңғайлылықты қамтамасыз етеді және азаматтар үшін төлем сервистерінің қолжетімділігін кеңейтеді, — деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста еліміздің Құрылыс кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы екінші оқылымда қабылданды

Соңғы жаңалықтар