Мәжіліске ҰҚШҰ-ға қатысты құқықтық базаны жетілдіру туралы құжаттар енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысты екі құжатты талқылайды. Бұл құжаттар палатаның қарауына енгізілді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі
Фото: Ақорда

Бірінші құжат — «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу  туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы.

— Келісім тараптардың аумақтарында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуы үшін құқықтық базаны реттейді, сондай-ақ олардың мәртебесін айқындайды. Түзетулер тараптардың аумағына құралымдарды жіберу негіздерін кеңейтуді көздейді. Мәселен, дағдарыс жағдайларын алдын алуға, гуманитарлық көмек көрсетуге, кенеттен тексерулер жүргізуге, — деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан.

Сонымен қатар Мәжіліске енгізілген екінші құжат — «2015 жылғы 15 қыркүйектегі Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы.

— Келісім әскери және басқа да құралымдарды, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімдерді тасымалдау мәселесін реттейді. Келісімге енгізілетін өзгерістер аталған тасымалдарды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге байланысты құқықтық базаны жетілдіруді көздейді, — деді А. Құспан.

Бұған дейін Бішкекте өткен ҰҚШҰ саммитінде қандай құжаттар қабылданғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар