«Медеу» мұзайдынын жаңғырту жұмыстары 2027 жылы аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов «Медеу» мұз айдынын жаңғырту жобасы қалай жүзеге асырылатынын айтты.

Медеу мұзайдыны
Фото: Алматы әкімдігі

Оның сөзінше, қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірлейтін ұйымымен келісімшарт жасалған. Ал мұзайдынның өзінде қолданыстағы құрылымдарды бөлшектеу және құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Негізгі міндет — «Медеудің» тарихи келбетін сақтау. Себебі бұл — біздің қаламыздың символы. Мұзайдын айналасын барынша жақсартуды жоспарлап отырмыз: адамдардың ыңғайлылығы үшін биіктен қарау алаңы салынады және осында бұрын болған тарихи бассейн қайта қалпына келтіріледі, — деді Бейбіт Шаханов.

Айтуынша, жаңғырту жұмыстары аясында инженерлік желілер толық ауыстырылады. Алдымен, салқындату жабдықтары жаңартылады, бұл мұзды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек нысанда заманауи ақпараттық технологиялар енгізіледі.

— Реконструкция екі жылға есептелген. Біз жұмысты биыл күзде бастап, 2027 жылдың күзіне қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2027–2028 жылдардың қысқы маусымына қарай мұзайдынын ашуды көздеп отырмыз, — деді қала әкімінің орынбасары.

Еске салайық, «Медеу» мұз айдыны биыл көктемнен бастап бірнеше жылға жабылды.

Сондай-ақ «Медеу» мұз айдынын қайта жаңарту тұжырымдамасы әзірленді.

 

Соңғы жаңалықтар