Медиа – мемлекеттер мен мәдениеттер арасындағы көпір – Қанат Бейсек
АСТАНА. KAZINFORM – «Қытай – Орталық Азия» медиа форумы аясында «Қазақстан–Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» Басқарма төрағасы Қанат Бейсек Kazinform тілшісіне берген сұхбатында күрделі әрі тез өзгеріп жатқан ақпарат дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, заманауи медианың мемлекеттер арасындағы тату көршілік, мәдени байланыс және өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы рөлі аса маңызды.
– Бүгінгі Қытайдың «Жэньмин жибао» басылымының бастамасымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастыруымен Астанада өтіп жатқан халықаралық медиафорум айрықша мәнге ие. Естеріңізде болса, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин «ежелден көрші елдердің мыңжылдық достығын жалғастырып, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын 30 жылдығын» құрайық» деген болатын. Бұл ретте БАҚ — қос мемлекет қана емес, жалпы өңір елдерінің өзара іс-қимылын дамытудағы маңызды құрал. Қазіргі жедел жаңаратын ақпарат пен өзгерістерге толы заманда өңір елдерінің медиасы бас қосып, пікір алмасатын, өзара түсіністікті нығайтатын орта қажет. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға жолдаған құттықтау хатында «бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттер, қоғам мен мәдениет арасындағы берік көпір» екенін атап өтуі – осының айғағы, - деді Қанат Бейсек.
Ол бұл форумның Қытай мен Орталық Азия медиасы арасындағы диалогты тереңдетіп қана қоймай, бүкіл өңірдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен орнықты даму ісіне оң серпін беретінін айтты.
– Халықаралық геосаяси жағдай қалай құбылса да, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы достық пен тұрақтылық – біздің өңір үшін ең маңызды басымдық. Осы ретте медианың атқарар қызметін тағы да ерекше атап өткім келеді, - деді ол.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасына тоқталған Қанат Бейсек оның негізгі идеясы адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыруға негізделетінін атап өтті. Бұл бастама тек экономикамен шектелмейді.
– Біздің қауымдастық Азия елдерінің саудасы мен мәдениетін қатар дамытуды мақсат етеді. Осы арқылы бизнес, кәсіпкерлік, іскерлік орта мен мәдени әріптестікті нығайтып, халықтар арасындағы сенімді арттыруға жұмыс істейміз. Мұның өзі – мемлекеттердің игілігіне қызмет ету, - деді ол.
Қанат Бейсектің пайымынша, форум аясында құрылған ынтымақтастық алаңы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы БАҚ өкілдерінің өзара сенімі мен бірлескен жұмысын тереңдетіп, өңірлік деңгейде мәдени байланыстар мен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға берік негіз қалайды.