Медиация институты бүгіннен бастап күшіне енеді

ТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Еліміздің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыру,

Медиация институты бүгіннен бастап күшіне енеді

жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесін уақытылы қорғау және қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар қамтылғаны белгілі. Оның ішінде, жеке құқықтық дау-шарлар тараптар арасындағы ымыраға қол жеткізудің сот және соттан тыс тәртіппен қолданылатын түрлі жолдары мен әдістерін белгілеуге бағытталуы мүмкін әрекеттер де көрініс тапқан еді. Сонымен бірге, 2010 жылғы Елбасының «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралары туралы» Жарлығында қылмыстық сот істерін жүргізу барысында бітімгерлік рәсімдерді кеңейту, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай-ақ жеке және жеке-бұқаралық айыптау қылмыстық істерінің санатын кеңейту бағытында бірқатар тапсырмалар бергені белгілі. Осыған орай, ағымдағы жылы ҚР Парламенті «Медиация туралы» ҚР Заңын қабылдады. Мемлекет басшысы аталған заңға қаңтар айында қол қойған еді. Заң ережелеріне сәйкес, аталған құжат Елбасы қол қойғаннан кейін алты айдан соң күшіне енеді. Яғни, қазақстандық сот жүйесінде медиация - мәмілегерлік институты бүгіннен бастап күшіне енгелі отыр. Осылайша, қазақтың дала демократиясында әлімсақтан билердің дау шешу әдісі саналып келген мәмілегерлік институты өркениеттік жолмен еліміздің сот жүйесіне қайта келіп отыр. Ал бүгіннен бастап күшіне енген заң негізінен медиация ұғымын анықтау, оның негізгі қағидаттарын, мәмілегерліктің қолданылу аясын, медиация рәсімінің кепілдігін, медиаторлар қызметіне ақы төлеу және белгілеу мәселелерін қарастырады.

Бұл ретте медиация жүйесі негізінен жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қарым-қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Сонымен бірге, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстық істерге мәмілегерлік жүрмейді.

Ал мәмілегерлікпен айналысатын медиаторлыққа негізінен жоғары білімі бар, жасы 25‑ке толған, ел Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар тұлға, сондай-ақ кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған азаматтар сот істері барысында мәмілегер бола алады. Бір сөзбен айтсақ, заң бойынша даулар жеке қарсылық аясынан шығарылып, мүдделі пікірталас аясына беріледі. Мүдделі азаматтар мен ұйымдарға дауларды сотқа жүгінбестен, сотқа дейінгі сатыда қарау барысында шешу іс-әрекеттерін бір жүйеге келтіру қамтылады. Осы арқылы уақыттың үнемделетіні, соттарда қаралатын істердің саны айтарлықтай азаятыны күтіледі. Бұдан бөлек заңның әлеуметтік бағыты да баршылық. Оның ішінде жергілікті қауымдастық деңгейінде пайда болған кейбір жанжалдарды мәмілегерлер арқылы шешу мүмкіндігі көзделіп отыр.

Жалпы, халықаралық термин болып қалыптасқан «медиация» ұғымы латыннан аударғанда мәмілесу, келісу, ымыраласу деген мағынаны білдіреді. Ал медиация институтының түпкі мақсаты - бітімгерлік, мәмілегерлік. Сондықтан да, қазақстандық сот жүйесінде енгізілетін медиация институты бітімгерлікпен, өзара мәмілегерлікпен дау шешудің жаңа мәдениетін қалыптастыратыны сөзсіз.

Сонымен қатар еліміздің құқық қорғау саласында соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жүзеге асып жатқан реформалар қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, медиация жүйесі дау-шарларды сотқа дейін-ақ тындырып, айыпталушы мен жәбірленуші тараптың ортақ мәмілесімен істі шешудің маңызын арттыратын болады. Дегенмен, дауласқан тарапты үшінші жақтың келісімге шақыруымен сотқа жетпей татуластыру - қазіргі қылмыстық процесстер барысында да қолданылатыны белгілі. Бұл ретте қылмыстық заңнамаға сәйкес, тек жекелеген тараптардың өз еріктерімен істі бітімгерлікпен жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайында ғана қолданылады. Яғни, қазіргі заң бойынша да белгілі бір жағдайда дауласқан тараптардың медиатр жүйесіне жүгінуіне болады. Ал ондай жағдайда сот әлгі мәмілегерлік үдерісінің қаншалықты заңды іске асырылғандығын бақылайды.

Білікті заңгер мамандардың пайымына салсақ, Қазақстанда еніп отырған медиация институы соттар үшін үлкен жеңілдік ала келеді, яғни заң күшіне енгеннен бастап, сот ісінде жеңілдіктерге жол ашылады. Бұнда жеңілдік сотқа ғана емес, ең алдымен оған жүгінетіндер үшін болатындығы айтылады. Мәселен, ең алдымен шетсіз-шексіз созылатын сот істерінде азаматтардың уақыт үнемдеуіне, жәбірленуші тараптың шығынын қалпына келтіруіне мол мүмкіндіктер қамтылады.

Түйіндей келсек, мәмілегерлікпен бітім жасап дау-шарларды шешу тәжірибесі қазақ даласындағы билер сотында ықылым заманнан көрініс тапқан. Сондықтан да, жұртшылық, қоғам арасында туындаған дау-дамайларды баламалы жолмен, қосымша әдістер бойынша шешу жүйесі Қазақстан үшін соншалықты жаңалық емес. Өркениетті елдердің ең танымал тәсілін қазақтың данагөй билері ұлы далада кеңінен атқарғаны тарихтан мәлім. Оның ішінде ауыл-аймақта, өңірлерде елге сыйлы үлкендер, абыз-ақсақалдар, ерекше құрметті қариялардың өздері-ақ мәмілегерлік жұмысын атқарып келгені де баршамызға таңсық жәйт емес. Бұл әлі күнге сарқылмай сабақтасып келе жатқан құндылық. Сондықтан да, жаңа институттың қазақстандық сот жүйесін одан сайын жетілдіре түсетініне сенім мол.

Ал халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, Малайзияда мәмілегерлік арқылы сотқа жетпей бітім жасалатын істер саны 90 пайызды құрайды екен. Тек 10 пайыз іс қана сот төрелігіне жығылады. Ал Англияның сот жүйесінде медиация ар­қылы 50 пайыз іс шешімін тауып жатыр. Осынау әділ жүйенің отаны саналатын Қазақ­станда әзірше бәрі керісінше, 90 пайыз іс бір ғана сот үкімін күтеді. Бітімгершіліктің үлесі - 10-ақ пайыз.