Медиация қызметіне қатысты заң қабылданатын болса, сотта қаралатын істер саны айтарлықтай қысқарады - Жоғарғы сот өкілі

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Медиация қызметіне қатысты заң қабылданатын болса, сотта қаралатын істер саны айтарлықтай қысқарады.

 Медиация қызметіне қатысты заң қабылданатын болса, сотта қаралатын істер саны айтарлықтай қысқарады - Жоғарғы сот өкілі

Өз кезегінде ол судьялардың жұмысын азайтып, олар қарайтын істердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Жоғарғы сотта «Екіжақты татуластыру институтын енгізудің өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Жоғарғы соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау және сот алқасының төрайымы Алмаз Тәшенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, заң күшіне енетін болса ол араздасушы тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін азайтып, керісінше өзара келісімге деген ынта-қыластарын арттырады. Олардың екіжақты татуластыруға бағытталған тетіктерді пайдалануларына мүмкіндік береді. «Болашақта біз медиацияның, яғни дауласушы тараптарды өзара татуластыру жүйесінің тиімді енгізілуі атқарушы өндіріс санының азаюына да алып келеді деген сенімдеміз. Себебі дауласушы тараптар медиатрдың көмегіне жүгіне отырып, оның шешімін өз еріктерімен орындауға мүдделі болады. Қорыта айтқанда, медиация институтының енгізілуі азаматтық-құқықтық даулардың қатысушыларына экономикалық жағынан да тиімді болмақ», деді Жоғарғы сот өкілі.