14:24, 14 Ақпан 2016 | GMT +5
Медицина академиясының жатақханасында шыққан өрт екі студенттің өмірін жалмап кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Смоленск қаласында жатақханада шыққан өрт салдарынан екі студент қаза тапты, деп хабарлады ТЖМ өңірлік басқармасынан.

Мәскеу уақытымен сағат 07:20 төртінші қабаттағы бөлмеде өрт шықты. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады, бөлмелердің бірінен екі студенттің мәйіті табылды.
Ведомство ақпаратынша, жанған ғимараттан 200-ден астам адам қауіпсіз жерге шығарылды. Із-түзсіз жоғалғандар жоқ.
Жедел қызметтердегі ақпарат көзі оттың шығу себептерінің ішінде өрт қауіпсіздігін сақтамау, сонымен қатар электр сымдарының тұйықталуы нұсқалары қарастырылып отырғандығын мәлім етті.
ТАСС агенттігі хабарлағандай, өрт шыққан жатақханада негізінен шетелдік студенттер тұрады. Олардың ішінде үндістандықтар да бар.