Медицинада «алтын сағат» ережесін енгізетін уақыт жетті
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Медицинада «алтын сағат» ережесін енгізетін уақыт жетті. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Миинстрінің орынбасары Ербол Орынбаев айтты.
«Менің ойымша, біздерге қандайда бір оқиға орын алған кезде 1 сағаттың ішінде көмек көрсетуге мүмкіндік беретін «алтын сағат» ережесін енгізетін уақыт жетті. Бұл өте маңызды»,- деді ол.
Е.Орынбаевтың атап өтуінше, қалааралық тас жолдарда, әсіресе Алматы мен Астана арасындағы автожолдарда жедел медициналық көмек көрсетуге қатысты жоспарлар бар. Сондай-ақ қала ішінде де жедел жәрдем көліктері паркін жаңарту да маңызды болып отыр.
«Біздерге болашаққа қандай да бір регламент әзірлеу қажет. Күзде Астана түбінде орын алып, 15 адам қаза тапқан трагедияда адамдарды жол-жөнекей мінгізіп жеткізді. Бұл оқиға әсіресе ауылдық жерде тікұшақты көтеруге біздерде 1,5 сағаттан астам уақыт кететіндігін көрсетті», - деді ол.