Медициналық сақтандыру қоры төлем тәртібін түсіндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының өкілдері клиникаларға медициналық қызметтер үшін ақы төлеу процесі қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетейік, аталмыш қор - үстіміздегі жылдың басынан тегін медициналық көмектің кепілденген көлемінің қаржылық операторы.
«Ең алдымен, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен төлем ережелері бар екенін айту қажет. Соған сәйкес, төлемдерді алу үшін медициналық ұйымдар қол қойылған, мөр басылған, қосымшалары бар есеп-тізілімді, келісілген міндеттемелерді орындау хаттамасын, жеткізуші мен қор филиалы тарапынан қол қойылған көрсетілген қызметтер актісін ұсынуы тиіс», - дейді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.
Төлемақы сомасы медицина қызметтері сапасы мен көлемін мониторингтеу нәтижесіне байланысты. Мәселен, Алматыда алғашқы жарты жылдық қорытындысы бойынша, сомасы 312 млн теңгеден асатын кемшіліктер анықталды. Ол сома ұстап қалынады да, кейін басқа медицина ұйымдарының арасында орналастырылады.
Төлем бекітілген тарифтер бойынша жүргізіледі. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі және қор тарифтік саясатты жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 2018 жылы медициналық қызметтердің кей түрлерінің тарифі көтерілді. Соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық, жедел медициналық жәрдем қызметтері де бар.