Медицина аурудың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек - Тамара Дүйсенова
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласында бірқатар міндет қойды. Жыл соңына дейін Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін цифрландыруды аяқтау, ал келесі жылдың соңына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында айтты.
Тамара Дүйсенова дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесімен танысты. Дәрі-дәрмектер қозғалысы елге әкелінген және өндірілген сәттен бастап пациент немесе сатып алушы дәріханалар арқылы алғанға дейін нақты уақыт режимінде бақыланады. Аталған тізбектегі қоймалардың бірі Түркістан қаласында орналасқан.Айта кетейік, жүйе енгізілгелі бері мұнда 13 түрлі отандық дәрі-дәрмектің 1,5 мыңнан астам қаптамасы қабылданған. Осы жерден олар облыстың емдеу мекемелеріне жіберіледі. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында препараттарды стационарда қабылдау және пайдалану процесі көрсетілді.
Вице-премьер емдеу мекемесінің жұмысымен танысып, емделушілермен әңгімелесті.
Аурухана базасында өткен жылдан бастап оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың қызметтерін операциядан шыққан, инсульт алған және басқа да науқастар пайдаланады. Мұнда 400-ден астам адам тегін курстармен қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында Түркістан облысында 49 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Олардың бірі Махамбет Өтемісов ауылында тұрғызылды.
Жұмыс сапары аясында вице-премьердің төрағалығымен өңірде денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде кеңес өтті. Оған жауапты Министрліктің, Міндетті медициналық сақтандыру қорының өкілдері, облыстың медициналық ұйымдарының басшылары қатысты. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау аясында медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру мәселелері де сөз болды.
«Медицина аурудың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Яғни, бізге сапалы және уақтылы диагностика қажет. Емхана дәрігерлері атқарар жұмыс көп. Емдеу мекемесіне бекітілген азаматтарды өзектендіру қажет. Сонымен қатар жүйеге сақтандырылмаған адамдарды тарту маңызды. Бұл шаралар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді», — деді Тамара Дүйсенова.
Жуырда Президент халыққа Жолдауында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына оң баға берді. Жеңілдетілген несиенің артықшылығын Түркістан облысының ауыл тұрғындары да көрді. Солардың бірі, Сауран ауданы Оранғай ауылынан Бабыр Насыров дәнекерлеу және жиһаз цехын ашқан. Осы мақсатта 5 млн теңге көлемінде несие алды. Сатып алынған жабдықтың көмегімен ол құрылыс үшін металл конструкциялар, жиһаз жасайды.
«Қазір менде тұрақты негізде 12 адам жұмыс істейді. Тапсырыстар көп болған кезде қосымша адамдарды тартамын. Өнімге деген сұраныс өте үлкен. Сондықтан жақын арада өз ісімді кеңейтуді жоспарлап отырмын», — дейді кәсіпкер.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Бахадир Израилов жоба арқылы ауласында мал бордақылау алаңын ұйымдастырды. Жергілікті кооператив мүшелеріне мал азығы төмендетілген бағамен беріледі. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жолға қойылған. Берілген егіс алқаптарында бидай, жоңышқа, жүгері өсіріледі. Қазығұрт ауданы Айнатас ауылында ауыл тұрғындарының өнім көрмесі ұйымдастырылды. Негізгі назар өнімді қайта өңдеуге аударылды. «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына өз ісін түрлі бағытта ашуға мүмкіндік берді. Біреуі жартылай фабрикаттар, екіншісі ұлттық киімдер мен ат әбзелдерін шығарады. Түйеқұс жұмыртқаларын сатумен айналысқандар да бар.
Қалдықтарды қайта өңдеушілер ерекше назар аудартты. Мысалы, Амантай Аңдасов пластикалық қалдықтардан түрлі тұрмыстық керек-жарақтар жасайды. Тағы бір тұрғын қағаз қоқыстан лотоктар өндіруді жолға қойса, тағы бір қатысушы ағаш қалдықтарынан көмір өндіріп жүр. Вице-премьер жобаларға жоғары баға беріп, бұл «Таза Қазақстан» бағдарламасының жақсы жалғасы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бизнес бастауға берілген өтеусіз гранттар да оң нәтижеге жетелейді. Мысалы, Есбол Ерден биыл станокқа қол жеткізіп, ол үшін шамамен 1,5 млн теңге алған. Металдан түрлі заттар жасап, ою-өрнегі бар қақпалар дайындайды. Ол өндірісте ұлттық стилді қолданғанды жөн көреді.
Өңірге сапар аясында Тамара Дүйсенова ауылдық округ әкімдерімен кеңес өткізді. Онда ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру шаралары талқыланды. Президент Қазақстан халқына Жолдауында атаулы қолдау көрсетуге назар аударды. Отбасының цифрлық картасы деректері негізінде отбасылардың әл-ауқаты деңгейіне байланысты 5 санаты анықталды.
Дағдарыстық және шұғыл санаттағы отбасылармен жұмыс істеу үшін мемлекеттік қолдаудың неғұрлым оңтайлы шаралары пайдаланылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Бір ауыл – бір өнім» тәсілін енгізу жоспары туралы баяндады. Оның мәні – жергілікті шикізаттан жоғары құнды өнім өндіру. Вице-премьер бұл бастамаға оң баға берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тауарлық несиені пайдалануға назар аударғанын жеткізгендігін айтқан Тамара Дүйсенова әкімдерді осы құралдарды белсенді пайдалануға шақырды.