Медицина саласындағы жемқорлықтың жартысынан көбі былтыр Шымкентте тіркелген
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау саласы еліміздегі жемқорлық жайлаған ТОП-3 саланың тізіміне кіреді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі мәлімдеген еді.

— Жалпы жемқорлық фактілері ең көп тіркелген салалар — білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салалары. Былтыр елімізде 1 600-ден астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс анықталды. Бұл істер бойынша 1 493 адам жауапқа тартылды. Олардың 299-ы — түрлі ведомство басшысы. Тергеу нәтижесінде 914 адам сотталды, оның ішінде 326 адам бас бостандығынан айырылып, 434 адамға жалпы көлемі 6,1 млрд теңге айыппұл салынды, — деді Данияр Бекайдаров.
Ал денсаулық сақтау саласында 2024 жылы 7 адам жемқорлық дерегі бойынша сотталған. Оның 4-еуі Шымкентте тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары хабарлады.
— Былтыр денсаулық сақтау саласында жемқорлық бойынша 7 адам сотталды. Оның ішінде 4-еуі — азаматтық қызметкер, 2-еуі — мемлекеттік қызметкер, 1-еуі — мемлекеттік қызметкерге теңестірілген тұлға. Жемқорлықтың 4 фактісі Шымкент қаласында, қалған деректер Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарында тіркелді, — дейді министрлік мамандары.
Ведомство өкілдері нақты қандай жемқорлық деректерінің жиі тіркелгенін де айтты.
— Денсаулық сақтау саласының мамандары мемлекеттік қызмет көрсету және лицензиялар беру кезінде жемқорлыққа жиі жол береді. Одан бөлек заңсыз келісім жасау деректері де көп тіркеледі, — дейді.
Еске сала кетейік, бұдан алдын жемқорлық жайлы хабарлаған қазақстандықтар былтыр 35,5 млн теңге сыйақы алғанын жазған едік.