Медицинадағы жемқорлық 3 есеге төмендеді — ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық үш жылда 70%-дан астам көрсеткішке төмендеді. Бұл туралы 8 сәуірде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында ҚР ДСМ қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері арасында бірлескен кездесуде айтылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Медицинадағы жемқорлық 3 есеге төмендеді — ДСМ
Фото: freepik.com

Іс-шара Денсаулық сақтау министрлігінің модерациясымен ұйымдастырылды. Спикерлер қатарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б. Н. Балғабеков, департаменттің бас маманы А. К. Айтуева, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік, жұмылдыру жұмысы және мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің директоры Б. Ш. Бекбатыров болды.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері қаралды.

Іс-шараның негізгі мақсаты — денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, туындауы ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қызметтің ашықтығын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дәйекті түрде іске асыруда. Сондай-ақ комплаенс, ішкі бақылау жүйелерін енгізу және жоғары этикалық стандарттарды сақтау тетіктерінің маңызы атап өтілді.

Жүргізілген жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады:

  • 2023 жылы — 11 айыптау үкімі;
  • 2024 жылы — 13 құқық бұзушылық;
  • 2025 жылы — 3 факт.

— 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының саны 2024 жылмен салыстырғанда 76,9%-ға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 72,7%-ға төмендеді. Бұл соңғы үш жылда саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің 70%-дан астам көрсеткішке азайғанын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлық көріністерін одан әрі төмендету және толық жою бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стандарт бекітілген болатын.

Соңғы жаңалықтар