Медсақтандыруы жоқ науқастарды ауруханаға қабылдамайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды

Барлық шұғыл медициналық көмек МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне, яғни жарналардың бар-жоғына және медициналық ұйымға бекітілуіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін көрсетіледі.
Созылмалы немесе әлеуметтік маңызы бар аурудың өршуі, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері болғанда, жарақат алған жағдайда:
- фильтр кабинетіне немесе өзіңіздің, болмаса жақын маңдағы емхананың кезекші дәрігеріне жүгініңіз
- жақын маңдағы аурухананың қабылдау бөлімшесіне барыңыз
- жедел жәрдем шақырыңыз.
Денсаулық сақтау министрлігі «Егер мен шұғыл емханаға немесе ауруханаға барсам мені емдей ме?» деген сұраққа жауап берді.
«Иә, емдейді. Денсаулық жағдайын тұрақтандыру үшін қажет барлық нәрсе сізге тегін – ТМККК пакетінде көрсетіледі. Оның ішінде диагнозды верификациялау және емдеу тактикасын айқындау үшін тар бейінді мамандардың қажетті тексерулері мен консультациялары, қажет болған кезде бекітілген тізбеге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тәулік бойы стационарға емдеуге жатқызу. Сақтандыру жағдайы сізге денсаулық жағдайы тұрақтанғаннан кейін, жоспарлы бақылау қажет болғанда немесе стационарды алмастыратын жағдайларда емдеуді жалғастырған кезде қажет болады» делінген ведомство мәліметінде.
Бірақ мұнда ерекше жағдайлар бар. Егер сіз шұғыл көмекке жүгінген әлеуметтік маңызы бар немесе созылмалы ауру бойынша Д-есепте тұрсаңыз, сізге сақтандырылған мәртебеңізге қарамастан медициналық қызметтерді ТМККК пакетінде тегін көрсете береді.
Сондай-ақ, «туберкулез» диагнозы бар науқастарға ТМККК пакетінде оңалту көмегі тегін көрсетіледі.
Егер медициналық көмектің сапасы мен уақтылы көрсетілуі бойынша сұрақтар туындаса, емхананың пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне немесе мынадай байланыс арналары бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Goldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.