Мекеме директорының орынбасары жалған дипломмен жұмыс жасаған - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Су спорты түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК-ны тексерген кезде мекеме директоры оқу ісі жөніндегі орынбасарының Қазақ спорт және туризм академиясын бітіргендігі туралы жалған құжатпен жұмыс жасағаны белгілі болды.
Орал қаласы прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, аталған факті бойынша ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қазір ол қалалық ішкі істер басқармасында қаралу үстінде.
Сонымен қатар санитарлық талап-ережелердің бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жүзу жолдары оқу-жаттығу кезінде жалға берілген, сөйтіп ол жасөспірімдердің оқу үдерісіне кедергі келтірген. Мұнда оқымайтын, сондай-ақ тиісті медициналық қараусыз және анықтамасыз адамдардың келуі, жаттығудың дәрігерсіз жүргізілуі орын алған. Еңбек және салық заңдылығын бұзушылық та тіркелген.
Аталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына ұйғарым берілді.