Мекеме ішінде маска тағу міндетті емес: Қаулыға қол қойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері мекеме ішінде маска тағу талабының күшін жоятын қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мекеме ішінде маска тағу міндетті емес: Қаулыға қол қойылды

«Қазақстан Республикасындағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 16 қаулысына қол қойылды.

Осы қаулымен «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы № 12 қаулының күші жойылды.

Жаңа қаулыға сәйкес:

- маска кию міндетті болып табылатын медициналық ұйымдарды (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) қоспағанда үй-жайларда міндетті түрде маска кию алынып тасталды. Сондай-ақ халық көп жиналатын орындарда, қоғамдық және әуе көліктерінде, ұйымдасқан ұжымдарда медициналық масканы пайдалану ұсыным сипатында қалдырылды;

- объектілерде санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтау бойынша ерекше талаптар алынып тасталды.

Қаулының толық мәтінімен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында танысуға болады.