Меккедегі Сағат мұнарасы мұражайында қазақ тіліндегі аудиогид пайда болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан азаматтары үшін мұражайға кіруге арнайы жеңілдіктер де қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстаннның Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Мекке қаласындағы «Сағат мұнарасы мұражайының» басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат пен мұражайдың Бас директоры Наиф әл-Малики туризм, ғылым және мәдениет салаларында бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асырудың ықтимал бағыттары мен тетіктерін талқылады.

— Алғашқы қадам ретінде тараптар Қазақстан азаматтары үшін мұражайға кіруге арнайы жеңілдіктер қарастыру туралы келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстаннан келетін ресми делегациялар үшін ерекше шарттар енгізілмек және мұражайдың портативті аудиогид жүйесіне қазақ тілін қосу бойынша жұмыс басталатын болады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыс орнатып, қол жеткізілген уағдаластықтарды ресми түрде бекіту мақсатында тиісті құжаттарды дайындауға келісті, — делінген хабарламада.
Меккедегі Сағат ғимараты мұражайы (The Clock Tower Museum in Makkah) — қасиетті әл-Харам мешітіне қарама-қарсы тұрған Абраж әл-Байт мұнаралары кешенінің жоғарғы қабаттарында орналасқан. Мұражай Король Әбделазиз атындағы Ғылыми және астрономиялық зерттеулер институтының қамқорлығымен құрылған және уақыт, астрономия мен ислам күнтізбесі тақырыптарына арналған.
Сағат мұнарасы бірнеше ерекше сипаттарына байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енген:
- Жер шарындағы ең биік мұнаралардың бірі — шамамен 601 метр биіктіктегі бұл ғимарат әлемдегі үшінші ең биік құрылыс болып саналады (Дубайдағы Бурдж-Халифа мен Жапониядағы Tokyo Skytree мұнарасынан кейін, шпиль биіктігі бойынша).
- Әлемдегі ең биік ай таңбасы — мұнараның шыңында орнатылған алтын айдың биіктігі шамамен 23 метр, салмағы 35 тоннадан асады және ол 30 шақырым қашықтықтан көрінетін лазерлі прожекторлармен жарықтандырылады.
Осыған дейін Сауд Арабиясы Меккеде ауқымды мегажобаны іске қосқаны белгілі болды.