Мексика әлем чемпионаты алдында Эболаға қарсы әрекетті күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мексика үкіметі Африка құрлығында Эбола безгегінің өршуіне байланысты эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, профилактикалық шараларды кеңейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Report.
— Біз, ең алдымен, әлем чемпионатының өтуін ескере отырып, АҚШ және Канадамен тығыз өзара іс-қимыл аясында эпидемиологиялық мониторинг хаттамаларын іске қосып жатырмыз», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Давид Кершенобич.
Ведомство басшысы атап өткендей, ел аумағында осы уақытқа дейін бірде-бір жұқтыру жағдайы тіркелмеген, ал вирустың елге ену ықтималдығы «өте төмен» деп бағаланып отыр.
Бұдан бөлек, Мексика тарапы әуежайларда санитарлық сүзгілер ұйымдастырып, келген жолаушылардың құжаттары мен бағыттарын тексеруді жоспарлап отыр. Бұл шаралар Еуропа және өзге де өңірлер арқылы транзиттік рейстермен ұшатын жолаушыларға да қатысты болады. Әуе тасымалдаушыларымен бірлесіп, ұшақ бортына отырғызғанға дейін қауіп факторларына бақылауды күшейту көзделген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 17 мамырда Конго Демократиялық Республикасында және Угандада Эбола індетінің өршуін халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп таныды.
Айта кетейік, Африка одағы денсаулық сақтау органдары Эбола вирусының таралу қаупі өңірдегі кемінде он ел үшін сақталып отырғанын ескертті.