Мексикада A/H1N1 тұмауына қарсы жаппай егу басталады
АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат - Алдағы бейсенбі күні Мексикада A/H1N1 тұмауына қарсы жаппай егу басталады, деп хабарлады журналистерге елдің денсаулық сақтау министрі Хосе Анхель Кордова.
«Біз A/H1N1 тұмауына қарсы вакцинаның алғашқы партиясын - 865 мың дозасын алдық, бейсенбі күні жаппай егуге кірісеміз. Вакцина бірінші кезекте, медициналық қызметкерлер мен жүкті әйелдерге егілетін болады»,- деп мәлім етті министр.
Мексиканың денсаулық сақтау министрі сондай-ақ, вакцинаның келесі партиясы - 750 мың доза - елге желтоқсан айының алғашқы күндері жеткізілетінін хабарлады.
Мексика Еуропадан 153 миллион доллар сомаға A/H1N1 тұмауына қарсы 30 миллион доза вакцина сатып алып отыр. Хосе Анхель Кордованың айтуынша, Мексика халқына вакцина тегін егіледі.
A/H1N1 тұмауының алғашқы оқиғасы Мексикада ағымдағы жылдың наурыз айында анықталған еді. Содан бері елде A/H1N1 тұмауынан 573 адам көз жұмды, ал жаңа вируспен ауырудың зертханалық жолмен расталған оқиғалары 64 мың 322-ге жуықтап отыр.