20:34, 28 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Мексикада цирктен қашқан жолбарыстар ұсталды
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат - Мексикандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері Мичоакан штатында Aguilar Hermanos көшпелі циркінен қашып кеткен барлық үш жолбарысты да ұстады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press сайтына сілтеме жасап.
Жолбарыстар жыртқыштарды тасымалдаушы жүк мәшинесінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы кезінде тордан сытылып шығып, қашып кеткен. Екі жолбарыс оқиға орнында ұсталды, алайда үшінші жыртқыштың штат астанасы Морелия қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы таулы жерге жасырынуына сәті түскен.
Байғұс қашқынды іздеуге полицейлер де қосылды және арада біршама уақыт өткеннен кейін соңғы жолбарыс та табылды. Жыртқышты тұзаққа түсіруде полицейлерге цирк қызметкерлері көмектесті.
Мұндай оқиғалар Мексикада бұған дейін де болған. Мысалы, бұрын осы латынамерикандық елде иелерінен пілдер, қодастар, түйелер, сондай-ақ бір арыстан қашып кеткен болатын.