Мексикада Фрида Калоға арналған жаңа музей ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Көрнекті суретші Фрида Калоның өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа Museo Casa Kahlo музейі биыл күзде Мехико қаласының Койоакан ауданында ашылады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Агенттік шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, Rockwell Group компаниясы жобалаған бұл музей Casa Roja деп аталатын ғимаратта орналасады. Бұл — Калоның ата-анасы сатып алып, кейін Фрида мен оның әпкелеріне берген жеке резиденциясы. Жаңа музей суретші ұзақ жылдар өмір сүрген үйдегі қазіргі Фрида Кало музейінің жанында бой көтермек.
Қазіргі Фрида Кало музейі суретшінің өмірі мен оның жұбайы Диего Риверамен қарым-қатынасын баяндайды. Ал жаңа Museo Casa Kahlo оның балалық шағы мен шығу тегіне тереңірек үңілетін болады.
Жаңа музейдің директоры ретінде қазір Мехикодағы Жад пен төзімділік музейінің академиялық директоры қызметін атқаратын Адан Гарсия Фахардо тағайындалды.
Museo Casa Kahlo-да бұрын-соңды көпшілікке көрсетілмеген жеке заттар — хаттар, бала кезіндегі суреттер, қуыршақтар, әшекей бұйымдар, киімдер мен Фриданың алғашқы картинасы қойылады.
Casa Roja ғимаратын музейге суретшінің немере сіңлісі әрі мұрагері Марa Ромео Кало табыстаған.
— Бұл — біздің отбасымыздың көптен бергі арманы. Фриданың мұрасы бүкіл әлемге тиесілі, бірақ оның бастауы осы жерде — осы үйлерде және оны қалыптастырған мәдениетте жатыр. Бұл музей бізге жаңа оқиғаларды айтып, отбасылық құпиялармен бөлісуге, жаңа дауыстарды қабылдауға және оның рухын құрметтейтін болашақты құруға мүмкіндік береді, — деді Маро Ромео.
Музейдің құрылуы, ашылуы және жұмыс істеуі Нью-Йоркте орналасқан, Кало отбасы құрған жаңа коммерциялық емес ұйым — Fundación Kahlo-ның бақылауында болады.
Museo Casa Kahlo ресми түрде 27 қыркүйекте ашылады.
Бұған дейін Мексика Google корпорациясын сотқа бергенін жазғанбыз.