Мексикада үкіметке қарсы мыңдаған адам көшеге шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Мехико қаласында мыңдаған көтерілісшілер зорлық сипатындағы қылмыстарға және президент Клаудия Шейнбаум үкіметіне қарсы наразылық білдіру үшін көшеге шықты, деп хабарлайды The Washington Post.
Наразылық акциясын Z буынының жастар топтары ұйымдастырды, оларды атышулы кісі өлтіру істеріне қарсы тұрған азаматтар қолдады. Соның ішінде бірнеше апта бұрын Уруапан мэрі Карлос Мансоның өлтірілуі де бар. Ол елдегі есірткі картельдеріне қарсы қатаң шаралар қабылдауды талап етіп келген.
Президент Шейнбаум басқа қалаларда өткен шерулерді оның үкіметіне қарсы тұрған оңшыл саясаткерлер қаржыландырғанын мәлімдеді.
Сенбі күні демонстранттар Шейнбаум тұрып жатқан Ұлттық сарай маңындағы қоршаудың бір бөлігін бұзды. Кешенді қорғап тұрған полиция наразы топқа қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды.
Шерушілер «Біз бәріміз — Карлос Манзо» деген жазуы бар плакаттар ұстап, кейбіреулері оған құрмет ретінде ковбой қалпағын киді.
Карлос Манзо 1 қарашада Өлілер күніне арналған фестиваль кезінде қастандықпен өлтірілген еді. Ол өз қаласындағы есірткі саудасы мен картельдердің зорлық-зомбылығы туралы ашық айтқан саясаткерлердің бірі болған.
Манзо елді үрейде ұстап отырған қаруланған картель мүшелеріне қарсы қатаң шаралар қабылдауды талап етті.
«Президент Шейнбаум есірткі картельдеріне қарсы күрес жүргізіп жатыр, алайда есірткіге қарсы жаңа, ауқымды соғыс бастау туралы талаптарды қабылдамай отыр. Бұған дейінгі әкімшіліктердің мұндай әрекеттері қанды қақтығыстарға әкелген еді», деп жазды ВВС.
Айта кетейік, Иерусалимде ультраортодокс еврейлер жаппай наразылыққа шықты.
Ал Камерунда Пол Бияның қайта сайлануы жаппай наразылық тудырды.