Мексикадағы Мерида турнирі: Анна Данилина камбэк жасап, финалға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Анна Данилина Мерида (Мексика) WTA 500 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге доданың 1-ракеткалары болып тіркелген.
Анна Данилина – Ирина Хромачева жартылай финалда турнирдің 3-ракеткалары, мажарстандық Тимея Бабош – америкалық Николь Меличармен жүздесті.
Бірінші партия мажарстандық-америкалық жұптың еншісіне жазылды – 6:3.
Екінші сетте тай-брейкте Данилина – Хромачева сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 11:9.
Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында камбэк жасаған Анна мен Ирина 2 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Бабош – Меличар 2 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) ерекшеленді.
А.Данилина – И.Хромачева жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың финалында ресейлік Александра Панова – аустралиялық Эллен Перес немесе Польша өкілі Катажина Питер – мысырлық Майар Шериф жұптарының қай жеңгенімен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Мексикадағы турнирдің финалына шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.