Мексикадағы жаппай тәртіпсіздік кезінде түрмеден 23 тұтқын қашып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Халиско штатының Пуэрто-Вальярта қаласындағы аймақтық түрмеден 23 адам қашып кетті, деп хабарлайды Report.

түрме
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Тұтқындар түрмеден «Халисконың жаңа буыны» есірткі картелінің жетекшісі өлтірілгеннен кейін басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қашқан. 

— Қазіргі уақытта бас бостандығынан айырылған 23 адамның қашып жүргені белгілі. Оларды ұстау үшін федералды органдарға тиісті хабарламалар жіберілді, — деді штаттың қоғамдық қауіпсіздік хатшысы Хуан Пабло Эрнандес.

Шенеуніктің айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде тұтқындардың сыбайластары түрмеге оқ жаудырып, кейін көлікпен қақпаны бұзып, мекемеге кіргеннен кейін сотталғандар қашып кеткен. Атыс кезінде түрме күзетшілерінің бірі қаза тапты.

Бұған дейін Мексиканың Ұлттық қорғаныс министрлігі Эль Менчо деген атпен белгілі картель жетекшісі Рубен Осегера Сервантесті өлтіру туралы хабарлаған. Министрліктің хабарлауынша, ол қауіпсіздік күштерімен қақтығыс кезінде ауыр жарақат алып, әскери госпитальге жеткізілген кезде қайтыс болған.

Арнайы операциядан кейін елде жолдар жаппай жабылып, көліктер мен коммерциялық нысандарға өрт қойылғаны хабарланды. Мексика президенті Клаудия Шейнбаум дүйсенбіде қоғамдық қауіпсіздік жағдайы толығымен бақылауда екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Мексика әскері Халиско штатында картель жетекшісі Эль-Менчоны өлтірді. 

Мексикадағы тәртіпсіздікке байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады. Қазір бұл елде бақылау бекеттері орнатылып, әуе рейстері уақытша тоқтатылды. Ал билік тұрғындарды жағдай тұрақтанғанша үйде болуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум