Мектеп асханаларына енгізілген талап: жаңа мәзір қандай болады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мектеп асханаларына арналған жаңа ас мәзірі бекітілгелі жатыр. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Гүлшарат Қожатова айтты.

— Денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін маңызды мақсат қойылған. Оның бірі — 4-10 жас аралығындағы балалар арасында семіздік деңгейін төмендету. Ол үшін мектептегі балалардың дұрыс тамақтануы аса маңызды. Сондықтан да жаңа стандарт енгізіліп жатыр. Оны әзірлеуге халықаралық сарапшылар тартылды. Онда ас мәзірінде қанттың мөлшері 3,6 есеге, тұз мөлшерін 5 есеге төмендету қарастырылған, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ спикер жаңа мәзір әлі нақты бекітілмегенін атап өтті.
— Қазіргі уақытта ас мәзірінің бірнеше үлгілік нұсқасы дайындалды. Олар ұсыным ретінде беріліп отыр. Нақты мәзірді әр өңірдің денсаулық сақтау басқармалары бекітетін болады. Ұсынылған нұсқаларды сол күйі бекітуге немесе ата-аналардың, балалардың ұсыныстары бойынша сол өңірдегі тамақ өнімдерінің ассортиментіне қарай толықтырулар енгізуге болады. Бастысы алмастырылатын тамақ өнімдерінің құнарлылығы талапқа сай болу керек. Қазіргі таңда осыны бекіту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, — деді Гүлшарат Қожатова.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұдан былай мектеп асханаларында қанты мен тұзы көп тағамдар болмайтынан айтқан еді.