Мектеп асханаларында қант 3,6 есеге, тұз 5 есеге азайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдары ас мәзірін әзірлеу, азық-түлік сатып алу, сақтау және тағам дайындау кезінде жаңа тамақтану стандартының талаптарын сақтауға тиіс. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Мектеп асханаларында қант 3,6 есеге, тұз 5 есеге азайды
Фото: Әділет Берімқұлов/ Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ол білім беру ұйымдарындағы тамақтану талаптарына тоқталды.

— Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының барлығында тамақтану стандартын мәзір әзірлеу, азық-түлік сатып алу, сақтау және дайындау кезінде мүлтіксіз әрі жүйелі түрде сақтау қажет, — деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, жаңа тамақтану стандарты 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген. Құжат балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануына қатысты заманауи ұсынымдар негізінде әзірленген.

— Жаңа стандарт бойынша тағам құрамындағы қант мөлшері 3,6 есе, тұз 5 есе азайтылды. Ал ас мәзіріндегі көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі артты, — деді ол.

Сонымен қатар мәзірден шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер, құрамында қант пен тұзы көп өзге де өнімдер алынып тасталды. Қанты бар сусындар мен шырындардың орнына су, сүт, қышқыл сүт өнімдері және қанты аз сусындар ұсынылады.
Жаңа стандарттың негізгі мақсаты — балалардың дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастырып, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да созылмалы аурулардың даму қаупін азайту.

Сархат Бейсенованың айтуынша, 2025 жылы бейінді және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, мектептерде бір реттік тамақтандыруға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік мәзір әзірленген. Оларды әзірлеу кезінде балалардың жасы, тағамның калория мөлшері мен маусымдық ерекшеліктер ескерілген.

Осы үлгілік мәзірлер негізінде 2025-2026 оқу жылына еліміздің барлық өңірінде перспективалық мәзірлер бекітілді.

— Тамақтану стандарты бір реттік шара емес, балалардың тамақтануын ұйымдастырудың тұрақты тәсілі. Белгіленген талаптарды тұрақты орындау ғана балалар рационын сауықтыруға және болашақта олардың денсаулық көрсеткіштеріне оң әсер етуге мүмкіндік береді, — деді комитет төрайымы.

Бұған дейін елімізде жаңа оқу жылына дайындықты бақылау барысында 2 087 мектеп асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталғанын жазған едік.