Мектеп гинекологтері оқушы қыздарды қандай жағдайда тексере алады

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі жоғары сыныпта оқитын қыз балалар үшін акушер-гинеколог маманының консультациясын енгізу туралы ұсыныстың мәнін ресми түсіндірді.

Мектеп гинекологтары оқушы қыздарды қандай жағдайда тексере алады
Фото: Pexels

Kazinform агенттігі жолдаған сауалдың Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің ресми жауабында, акушер-гинекологтің консультациясы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына енгізілетін өзгерістерде негізделмек. 

Мақсат — қыз балаларда кездесетін жыныстық және репродуктивтік жүйе ауруларының ерте белгілерін анықтау. Ерте белгілерді алдымен жалпы практика дәрігерлері немесе педиатрлар анықтайды, содан кейін қажет болған жағдайда олар қыздарды гинекологке жібере алады.

Ол үшін бірқатар нақты ұсыным қарастырылған.

— Қыз балаларды гинекологтің қарауы олардың жыныстық жетілуі мен репродуктивтік жүйесінің жағдайына байланысты шағым болған кезде, сондай-ақ профилактикалық мақсатта ауытқуларды ерте анықтау, аурулардың алдын алу, болашақтағы асқынулардың алдын алу және дұрыс гигиеналық дағдыны қалыптастыру үшін жүргізіледі, — деп түсіндірді Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Гинекологтің қыз баланы тексеру процесі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында және жастар денсаулығы орталығында жүргізіледі. Алайда тексерудің алдында қыз баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі қажет. 

Сонымен қатар, ведомство атап өткендей, 16 жастан асқан қыздар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 78-бабының 2-тармағына сәйкес профилактикалық көмекке өз бетінше келісім беруге немесе одан бас тартуға құқылы. 

Айта кетсек, елімізде жасөспірімдер арасындағы жүктілік мәселесі жиі қозғалады. 

Соңғы жаңалықтар