Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мектеп қысқа дайын ба: СҚО-да ауыл тұрғындары білім ордасының қазіргі жағдайына алаңдаулы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Леонидовка негізгі мектебі, тұрғындардың айтуынша, қысқа дайын емес.

СҚО-да ауыл тұрғындары білім ордасының қазіргі жағдайына алаңдаулы
Фото: skopetro instagram парақшасынан

Ата-аналар бұл мәселені әлеуметтік желіде көтерді. Сөздеріне қарағанда, ауылдарындағы екі қабатты мектеп ғимаратының екінші қабаты биыл жабылмақ. Салдарынан бірер жылда мектеп те толық жұмысын тоқтатуы мүмкін.

- Ауылда екі үлкен шаруашылық бар. Олар мектептің қазандығын жөндеуге көмектесуге дайын. Қазір бізге мектепке мобильді қазандық әкеліп орнатамыз деп айтты. Ол тек бірінші қабатты ғана жылытуға қауқарлы. Сол себепті жоғары қабатты ажыратып, жауып тастауды ұсынып отыр, - дейді ата-аналар.

Олардың айтуынша, білім ордасына 2-3 жыл бұрын ғана жаңа қазандық орнатылған. Сондай-ақ, қысқа қажетті көмір де бар.

- Біз мектептің қазандығын жөндеп беруді сұраймыз. Мектеп жабылса ауыл жойылады. Өйткені баланы интернатқа беруге дайын емеспіз. Күнде апарып-әкелуге жол жаман. Құрғақта грейдермен жүрсе, жаңбырда ол езіліп, жүру мүмкін болмайды. Жолды да жылда жөндейміз деп уәде етіп келеді, - дейді тұрғындар.

Тайынша аудандық білім бөлімінің мәліметінше, Леонидовка негізгі мектебі 1988 жылы салынған. 495 орынға шақталған мектепте қазір 1-9 сыныптарда 50 оқушы білім алып жатыр.

- Мектепке соңғы рет 2025 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, ғимараттың шатыры ауыстырылды, бұл жұмыстарға 46 млн 705 мың теңге жұмсалды. Сондай-ақ мектептің терезелерін, спорт залын ағымдағы жөндеуге смета құрылған, ол белгіленген тәртіппен облыстық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынылмақ. Биыл мектептің жылыту жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған 12 млн 187 мың теңге бөлінген, - делінген білім бөлімі берген жауапта.

Мамандардың айтуынша, 2024 жылы мектепке екі жаңа қазандық орнатылып, бүгінде олар толық қуатында жұмыс істеп тұр. Әр оқу жылы басталар алдында жылыту жүйесі міндетті түрде қысыммен тексеріліп, жуылады.

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында мектепке 533 тонна көмір сатып алынған.

- Мектеп ғимаратының екінші қабатын жабу немесе консервациялау мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып отырған жоқ, - дейді Тайынша аудандық білім бөлімінің мамандары.

Бұған дейін мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына бақылау күшейтілетінін жазған едік.