Мектеп маңында бақылау күшейеді: жаңа оқу жылына қандай дайындық жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде балалардың қауіпсіздігін күшейту шаралары қолға алынды. Полиция мектеп маңындағы жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексеріп, патрульдік бағыттарды білім беру ұйымдарына жақындатады. Мектептердегі дабыл түймелері, бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйелерінің жұмысына да ерекше назар аударылады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, бұл жұмыс «үй — мектеп — үй» бағытын ғана емес, білім беру ұйымдарын, қоғамдық орындар мен интернет кеңістігін де қамтиды.
Мектепке барар жолға бақылау күшейеді
Оқу жылы басталғанда көшеде балалар көбейіп, мектеп маңындағы көлік қозғалысы артады. Сондықтан сабақ басталғанға дейін полиция білім беру ұйымдарына жақын аумақтарды, кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қарап шығады.
Жол белгілерінің, қоршаулар мен жарықтандыру жүйесінің жағдайы, сондай-ақ жол қауіпсіздігіне арналған басқа да техникалық құралдардың жарамдылығы тексеріледі.
Патрульдік бағыттар мектептерге жақындатылып, сабақ басталатын және аяқталатын уақытта патрульдеу күшейтіледі.
Бұдан бөлек, 15-30 тамыз аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өтіп жатыр. Оның мақсаты — құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғалардың алдын алып, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Құралай Карина жүргізушілерді мектептер, жаяу жүргіншілер өткелдері мен балалар көп жиналатын орындардың маңында барынша сақ болуға шақырды.
— Бала жолдағы жағдайды дұрыс бағаламауы мүмкін. Сондықтан жүргізуші қауіпті алдын ала болжап, жол-көлік оқиғасына жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауы керек, — деді ол.
Мектептердің қауіпсіздік жүйесі қалай тексеріледі
Білім беру ұйымдарында дабыл түймелері, бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау құралдарының жұмысы тексеріледі.
Сонымен қатар қауіп төнгенде, күдікті адам немесе зат байқалғанда қалай әрекет ету керектігі пысықталады.
— Әр мектепке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдарының қызмет басшылары бекітілген. Кәмелетке толмағандармен, әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен және профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмыс та күшейтілген, — деді Құралай Карина.
Ата-аналар нені ескеруі керек
Құралай Каринаның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі көп жағдайда ересектердің қырағылығына байланысты. Сондықтан ата-ана баласының қайда және кіммен жүргенін біліп отырғаны жөн.
Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді де елеусіз қалдырмаған дұрыс. Ақшасы немесе заттары себепсіз жоғалса, қорқыныш пайда болып, тұйықтала бастаса немесе мектепке барғысы келмесе, оның себебіне мән беру қажет.
Баланың интернетте кіммен сөйлесіп жүргенін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Осындай жағдайлар байқалса, полицияға дереу хабарлау қажет.
— Біз ата-аналардың алаңдаушылығын түсінеміз және оны бірге бөлісеміз. Біз үшін әр баланың өмірі, денсаулығы және болашағы маңызды. Оны қорғау — ортақ міндет, — деді Құралай Карина.
Бұған дейін ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарға балалардың қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасағанын жазған едік.