Мектеп мұғалімі абайсызда құрбысын өлтіріп алды
Сот материалдарына сәйкес, өткен жылы И. есімді келіншек көлікті мас күйінде айдағаны үшін үш жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Осыған байланысты арнайы сот үкімі де шықты. Соған қарамастан, мектеп мұғалімі тағы мас күйінде көлікке отырған. Сол кезде рульге ие бола алмай, жол апатына ұрынды. Оның көлігі жолдың жиегіне шығып кетіп, бірнеше рет аударылған. Жол-көлік апаты кезінде көлікте болған бір жолаушы қатты жарақат алды. Оны дереу ауруханаға жеткізген. Бірақ көлік жүргізушінің құрбысы жансақтау бөлімінде көз жұмды.
«Сот отырысында көлік жүргізген мектеп мұғалімі өз кінәсін толығымен мойындап, қатты өкінетінін жеткізді. Ал қайтыс болған келіншектің ағасы көлік жүргізушісін кешірді. Сотталушы келіншек пен қарындасы екеуінің бала кезінен бірге өскенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімі бойынша И. есімді келіншек ҚР Қылмыстық кодекстің 346-бабы, 2-тармағы мен 55-бабы, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұдан бөлек, оған 7 жылға дейін көлік жүргізуге тыйым салынды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде оның жазасы шартты түрде белгіленді», - делінген соттың хабарламасында.
Фото: locally.de