21:21, 01 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Мектеп табалдырығын аттап, Елбасынан сыйлық алған балақандардың қуанышында шек жоқ - А.Базарова, БҚО (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін - барша халық, соның ішінде біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Ала жаздай доп қуып, асық ойнаған ұлымыз қолына сөмкесін алып, мектепке аттанды. Ұл-қызымыздың әр басқан қадамын жақсылыққа балайтын халықпыз ғой, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 1-сынып оқушысы атанып, Елбасы сыйлығын алған Әлихан Елеусіннен де күтеріміз мол, дейді оның анасы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Заңғар» газетінің редакторы міндетін атқарушы Айнұр Базарова.

Оның айтуынша, баласының білімге деген ынта-жігері ерекше. Зейінділігімен, ұқыптылығымен, әр сөзін салмақтап айтатын балақан болашақта ел шебінде қызмет етуді армандайды. Алғаш мектепке барған күні қойны кітапқа, көңілі Елбасы сыйлаған энциклопедияға толды. «Шынымен, маған әдейілеп Нұрсұлтан Әбішұлы жіберген бе?» деп, жанында отырған оқушылармен кітабын салыстырып әуре. Расымен кітап бала көңілі толғандай. Әдемі безендірілген суреттері көздің жауын алады, әрі ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр Қазақ елі туралы жазылған мәліметтер де оқуға жеңіл, әрі қарай қызықтырып әкетеді. «Айтулы мереке күні 1-сынып табалдырығын аттаған барша балақандарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз», деді А.Базарова.